07 Ақп 2024
Жаңалықтар

Роботтар және тұрақты даму уақыты

Астана қаласының ЭКСПО Конгресс орталығында «World Robot Olympiad» деген атаумен робототехникадан республикалық жарыс басталды. Республикалық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзден астам мектеп оқушылары қатысып жатыр. Жарыс «Негізгі», «Шығармашылық» және «Робот футболы» категориялар бойынша өткізіледі. Робототехника бойынша ұлттық чемпионаттың ашылуында жас дарындарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова және «LEGO Education» компаниясының ТМД бойынша өкілі Юрий Вирич құттықтады. 300 қатысушының 200 астам делегаттары Зияткерлік мектептерде оқиды. Оңтүстік астанамыздан 30 оқушы қатысуда, яғни ең көп делегацияны Алматы қаласы құрап отыр. Байқаудың ең жас қатысушысы – Павлодардан келген 8 жасар Жасмин Ещанова. Ол байқаудың «Негізгі» санатында өнер көрсетеді. Жасмин министрдің қолынан арнайы сыйлық – ноутбук алды. Оның бапкері – Назым Арыстанбекқызы, 2015 жылғы Павлодар қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, үш топ дайындады. – Біз барлық мектептерде цифрлі технологияларға деген қызығушылықты оятудамыз, ұлттық чемпионаттың қатысушылары бүгіннің өзінде цифрлі Қазақстанның негізін қалап үлгерді, – деп атап өтті білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев іс-шараның ашылу салтанатында. Жарыс жеңімпаздары арасынан 2017 жылғы 10-12 қарашада Коста-Рикада өтетін WRO-2017 халықаралық олимпиадасына бару үшін ұлттық топ қалыптастырылатын болады. – Біз олимпиада қатысушыларын сәтті келешек күтіп тұрғанына сенеміз. Өйткені олар бүгіннің өзінде сыни тұрғыдан ойланып, сандық технологияларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл нағыз ғалымдарға тән қасиет, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова. Ұлттық чемпионат – WRO робототехника бойынша халықаралық кезеңінің іріктеу бөлімі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2014 жылдан бастап «World Robot Olympiad-тың» Қазақстанда ұлттық үйлестірушісі болып табылады және осы шараны Зияткерлік мектептерде жыл сайын өткізіп отырады.